Лекция: Жалпы ережелер

 

1. Осы «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексін, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында әзірленген және тамақ өнімінің көтерме және бөлшек сауда объектілерінің (бұдан әрі – объектілер) қызметіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді, оларды сақтамау адамның өміріне немесе денсаулығына, сондай-ақ аурулардың пайда болу және таралу қаупін төндіреді.

2. Осы Санитариялық қағидалар Қазақстан Республикасының заңнамасымен оған қатысты айналысқа өзге де талаптар белгіленген тамақ өнімдерінің айналысына қолданылмайды.

3. Санитариялық қағидалар:

1) объектілердің құрылысына жер учаскесін таңдауға, оларды салуға, қайта жаңартуға, қайта жабдықтауға, жөндеуге және пайдалануға беруге;

2) объектілерді сумен жабдықтауға, суды бұруға, жарықтандыруға және желдетуге, сауда және басқа үй-жайлардың ауасына, микроклиматына;

3) объектілерді, жабдықтарды күтіп-ұстауға және пайдалануға;

4) тамақ өнімдерін тасымалдау, сақтау, өлшеп-орау және өткізу жағдайларына;

5) объектілердің аумағын күтіп-ұстауға, тұтыну қалдықтарын жинауға, залалсыздандыруға және тасымалдауға;

6) тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына, персоналды медициналық тексеріп-қарау және гигиеналық оқытуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтиды.

4. Осы Cанитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:

1) азық-түлік (тамақ) шикізаты – тамақ өнімдерін өндіру кезінде одан әрі қайта өңдеуге арналған жануардан, өсімдіктен, микробиологиялық, минералдық, жасанды немесе биотехнологиялық жолдармен алынатын шикізат және ауыз су;

2) азық-түлік базары – аумақта шаруашылық қызмет көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, іргелес аумақтан оқшауланған, сауда қызметiне арналған және өз аумағының шекарасы шегiнде автокөлiк құралдарының тұрағы үшін алаңмен қамтамасыз етiлген, азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі оқшауланған мүлік кешені.

3) азық-түлік қоймасы – тамақ өнімдерін (азық-түлік шикізаты, тамақ өнімдері – ет, сүт, кондитерлік, көкөністер, жемістер, сусындар және басқалары) сақтауға арналған стационарлық құрылыс;

4) автодүкен – сауда жабдығымен жарақталған мамандандырылған автокөлік құралы;

5) бөлшек сауда – тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшін тауарларды сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

6) бомбаж – микроорганизмдердің көбеюіне байланысты немесе технологиялық бұзушылықтардың салдарынан газдардың пайда болуы нәтижесінде консерві банкілерінің қампаюы;

7) ветеринариялық құжаттар – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық сертификат; жануарға, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

8) гипермаркет – сауда алаңы бес мың шаршы метрді (бұдан әрі – м²), көбінесе күнделікті сұранысқа ие азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың әмбебап ассортименті бар өзіне-өзі қызмет көрсету дүкені;

9) дүкен – сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етiлген стационарлық күрделi құрылыс немесе оның бiр бөлiгi;

10) дүңгiршек – алаңында тауар қоры сақталатын, кемінде екі сатушының жұмыс орнына есептелген, арнайы бөлiнген жep учаскесiне орнатылған, сауда залы мен тауарларды сақтауға арналған үй-жайлары жоқ, сауда жабдығымен жарақталған күрделі емес тасымалды құрылыс;

11) дайындалған күні – тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) үдерісінің (сатысының) аяқталған күні;

12) дефростация – тамақ ретінде тұтыну немесе олардан жаңа өнімдерді шығару алдында тамақ өнімдерін еріту (жібіту) үдерісі;

13) жылжымалы сөре – арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын, жеңiл құрылатын тасымалды немесе жылжымалы сауда орны;

14) жарамдылық мерзімі – тамақ өнімдерін өндіру (дайындау), айналысы үдерістерінің (сатыларының) шарттары сақталған кезде сол уақыт өткенге дейін мақсаты бойынша пайдалану үшін қауіпсіз деп саналатын және ол аяқталысымен тамақ өнімдері мақсаты бойынша пайдалану үшін жарамсыз уақыт кезеңі;

15) көтерме сауда – кейіннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй ішінде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

16) минимаркет – сауда залының ауданы елу м² аспайтын азық-түлік тауарларының санаулы немесе шектеулі ассортименті бар дүкен;

17) нормативтік құжаттар – тамақ өнімдерінің, олармен жанасатын материалдар мен бұйымдардың қауіпсіздігіне, олардың қауіпсіздігін бақылауға, оларды дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу және пайдалану, сапасыз, қауіпті тамақ азық-түліктерінің, материалдар мен бұйымдардың кәдеге жаратылу немесе жойылу шарттарына қойылатын талаптарды белгілейтін стандарттар, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қағидалар мен басқа да нормативтік құқықтық актілер;

18) өткізу – сату, айырбастау, өтеусіз беру, сондай-ақ кепіл ұстаушыға кепілге салынған тауарларды беру мақсатында тауарларды түсіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді ұсыну;

19) өнеркәсіптік емес жағдайда дайындалатын тамақ өнімдері – азаматтар үй жағдайларында және/немесе жеке қосымша шаруашылықтарында алған немесе бау-бақша, жануарларды өсіру шаруашылығымен айналысатын азаматтар алған және тек ауыл шаруашылығы базарларында өткізуге ғана арналған жануардан және өсімдіктен алынған өнімдер;

20) дайындаушының техникалық құжаттары – тамақ өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және өткізу сәйкестендіріліп жүзеге асырылатын дайындаушы бекіткен құжаттар (ұйым стандарттары, техникалық шарттар, технологиялық регламенттер, технологиялық нұсқаулықтар, спецификациялар), онда сәйкестендіру белгілері көрсетіле отырып, тамақ өнімдерінің атаулары, тамақ өнімдерінің ингредиенттік құрамы, қолданылу саласы, физикалық-химиялық және органолептикалық көрсеткіштері, сондай-ақ тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі көрсеткіштері, таңбасына және қаптамасына қойылатын талаптар, жарамдылық мерзімі мен сақтау, тасымалдау және кәдеге асыру шарттары, технологиялық операцияларды және оларды тамақ өнімдерінің тиісті түрлеріне қолдану жүйелілігін, тамақ өнімдерінің немесе импорттық тамақ өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі жүзеге асырылатын өндірістік бақылау бағдарламасын қамтитын өндіріс процестерінің тізімі мен сипаттамасы көрсетіледі;

21) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;

22) сауда қызметiнiң субъектici – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азық-түлік тауарларын сату бойынша сауда қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

23) сауда үйi, сауда орталығы – бiртұтас басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтану объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан, сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өз аумағы шекарасының шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген күрделi стационарлық құрылыс;

24) супермаркет (универсам) – күнделікті сұранысқа ие азық-түлік тауарларының әмбебап ассортименті және азық-түлік емес тауарлардың шектеулі ассортименті бар өзіне-өзі қызмет көрсету дүкені;

25) сауда павильоны – арнайы бөлінген жер учаскесіне орнатылған бір немесе бірнеше жұмыс орындарын есептелген сауда залы мен тауар қорын сақтауға арналған үй-жайлары бар, сауда жабдығымен жарақталған күрделі емес жылжымалы құрылыс;

26) сауда автоматы – зауыт қаптамасындағы тауарларды даналап сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

27) сауда орны – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған, өткізілетін тауарлардың ассортиментін ескере отырып, сөремен және сауда мүкәммалымен жабдықталған, сатушының жұмыс аймағы;

28) сақтау мерзімі – тамақ өнімінің белгіленген сақтау шарттарын сақтаған кезде таңбалауда және өнімнің техникалық құжаттамасында көрсетілген тұтынушылық қасиеттерін сақтау кезеңі;

29) санитариялық күн – үй-жайларды күрделі жинау жүргізуге, жабдықтар мен мүкәммалды жууға, қажет болған кезде дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау үшін арнайы бөлінген уақыт (айына кемінде бір рет);

30) санитариялық арнайы киім (бұдан әрі – арнайы киім) – шикізаттарды, қосымша материалдарды және дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен және басқа да лас заттармен ластанудан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы.

31) тамақ өнімінің көтерме және бөлшек сауда объектісі – сауда қызметін жүзеге асыру үшін субъектілер пайдаланатын мүліктік кешен (сауда үйі, сауда орталығы, дүкен, гипермаркет, супермаркет (универсам), минимаркет, азық-түлік базары, азық-түлік қоймасы, тоңазытқыш;

32) тоңазытқыш (тоңазыту комбинаты, тарату, тоңазыту камерасы) – тез бұзылатын өнімдерді тоңазытып өңдеуге, мұздатылған және салқындатылған өнімдерді сақтауға арналған қойма үлгісіндегі кәсіпорын;

33) тамақ өнімдері – адамның тағамға тұтынуына арналған табиғи, өңделген немесе қайта өңделген түрдегі жануардан, өсімдіктен, микробиологиялық, минералдық немесе биотехнологиялық жолдармен алынған өнімдер, оның ішінде арнайы тамақ өнімдері (балалар тамағы, диеталық емдік және профилактикалық тамақ, спортшылардың, жүкті әйелдердің тамақтануына арналған өнімдер), сергітетін сусындар, өсімдік, жануар және микробты текті гендік-инженерлік-түрлендірілген (трансгенді) организмдерден алынған шикізаттардан өндірілетін тамақ өнімдері, органикалық өнімдер, ыдысқа құйылған ауыз су, алкогольдік (оның ішінде сыра) және алкогольсіз сусындар, тағамға биологиялық белсенді қоспалар, сағыздар, ашытқылар мен микроорганизмдердің бастапқы өсірінділері, ашытқылар, тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер, қосалқы технологиялық заттар, сондай-ақ азық-түлік (тамақ) шикізаттары мен тамақ ингредиенттері;

34) тез бұзылатын тамақ өнімдері – қатаң регламенттелген мерзім ішінде тасымалдаудың, сақтаудың және өткізудің арнайы талаптарын қажет ететін тамақ өнімдері;

35) тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі куәлігі – тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатының әрбір партиясына қоса жүретін және оның сапасы мен қауіпсіздігінің нормативтік, техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын, олардың қадағалануын қамтамасыз ететін өндірушінің/дайындаушының құжаты, ол партия нөмірі мен көлемін, сәйкестікті бағалау құжаттары, жарамдылық мерзімдері мен оларды сақтау шарттары туралы мәліметтерді қамтиды;

36) тамақ өнімдерінің партиясы – қауіпсіздігін куәландыратын бір ілеспе құжаты бар, ұқсас жағдайларда өндірілген (дайындалған) және/немесе қаптамаланған біртекті тамақ өнімдерінің жиынтығы;

37) тауар көршілестігі – шикі және дайын өнімдерді бірге сақтауды және өткізуді болдырмайтын, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететін бөтен иістің енуін болдырмайтын жағдайлар;

38) ұсақ-бөлшек уақытша сауда объектілері – арнайы бөлінген жер учаскесіне орнатылған бөлшек сауданы жүзеге асыратын құрылғы, құрылыс, жылжымалы сауда орындары (сауда павильоны, дүңгіршек, шатыр, жылжымалы сөре, сауда автоматы, автодүкен, автолавка);

39) шатыр – алаңына бір сауда күніне арналған тауар қоры орналастырылған, бір немесе бірнеше сатушының жұмыс орнына есептелген, сауда залы мен тауарларды сақтауға арналған үй-жайлары жоқ, құрастырмалы-жиналмалы конструкциядан жасалған, сауда жабдығымен жарақталған және арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын, жеңiл құрылатын құрылыс.

 

еще рефераты
Еще работы по биологии